Александер Чеферин Қазақстанға келді

Сапар барысында ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Президентпен кездесуден соң Чеферин ҚФФ-ның штаб-пәтеріне барып, федерация президенті Марат Омаровпен жүздесті.
Сондай-ақ ол футбол музейін аралап, «Жеңіс», «Астана» және №8 МБЖСОРМ футбол орталықтарының жас ойыншыларымен, сонымен қатар ЦП футбол мен Blind Football командасымен кездесті.
БАҚ өкілдерімен өткен брифингте УЕФА мен ҚФФ басшылары журналистердің сауалдарына жауап берді. Артынша Чеферин мырза ҚФФ ұжымымен естелік суретке түсті.
Сапардың соңында Еуропа футбол басшысы елордадағы футбол инфрақұрылымымен танысты.
УЕФА (Union of European Football Associations, UEFA) – 1954 жылы құрылған Еуропа футбол қауымдастықтарының одағы. Қазіргі таңда Халықаралық футбол федерациясына (ФИФА) кіретін алты құрлықтық қауымдастықтың ішіндегі ең ықпалды ұйым саналады. УЕФА Еуропа мен Батыс Азияның кейбір аймақтарындағы 55 елдің футбол қауымдастығын біріктіреді.
Айта кетейік, Қазақстан 2002 жылдан бастап УЕФА-ның толыққанды мүшесі. Бұл біздің футболшыларға Ұлттар лигасы секілді беделді халықаралық турнирлерге қатысуға мүмкіндік беріп отыр. УЕФА тек жарыстармен шектелмейді – жастарды футболға баулудан бастап кәсіби төреші даярлауға дейінгі бағдарламалар мен стандарттардың негізі саналады.
Ұйым өз табысының басым бөлігін қауымдастық мүшелері арасындағы футболды дамытуға қайта инвестициялайды. Қазақстан футбол федерациясы үшін бұл басты қаржылық тірек болып есептеледі. УЕФА-ның қолдауының арқасында елімізде футбол инфрақұрылымы дамып келеді.