Ойын ережелеріне сәйкес Премьер-лиганың 5-турындағы жекелеген ойын сәттеріне түсіндірмелер

Ордабасы – Жетісу
44 минут – Төреші тікелей еркін соққы тағайындағаннан кейін, қонақ командасының №10 ойыншысы төрешіге ашық наразылық білдіріп, тізерлеп отырады, қолымен жерді ұрып, сөзбен де қатты қарсылық көрсетеді. Бұл ойыншы бұған дейін сары қағаз алған. Төреші осы сәтте басқа ойыншылармен және жағдайды басқарумен айналысып, бұл әрекетті байқамай қалады. Мұндай жағдайларда екінші сары қағаз көрсетіліп, ойыншы алаңнан шығарылуы керек. VAR араласқан жоқ және бұл дұрыс шешім, себебі бұл тікелей қызыл қағаз жағдайына жатпайды.
63-минут – Жанама сызыққа жақын жерде алаң иелерінің №22 ойыншысы допқа аяғын көтереді, ал №5 ойыншы басымен ойнау үшін еңкейеді. №22 ойыншы бірінші допқа тиеді, содан кейін қарсыласымен аздаған жанасу болады, бұл екі ойыншының қозғалысынан туындаған. Дегенмен, ойыншы қарсыласын көріп, тәуекелге барды, бұл – абайсыз бұзушылық. Мұндай жағдайларда сары қағаз көрсетілуі керек. VAR араласқан жоқ – бұл тікелей қызыл қағаз жағдайы емес.
90+4-минут – Қонақ команданың шабуылы кезінде қақпашы ұзын пас береді, доп ауада биік ұшады. Осы сәтте алаң иелерінің қорғаушысы №14 қарсыласы №5-ті қолымен ұстап қалады. Төреші ұстап қалудан бұрын шабуылдаушы тарапынан аздаған жанасу болды деп, ереже бұзушылық деп бағалайды. Алайда бұл ойыншылар арасындағы қалыпты жанасу болды. Қорғаушы допты иеленіп тұрған жоқ және оны бақылауға нақты мүмкіндік болмағандықтан, бұл эпизод гол соғуға айқын мүмкіндік емес, перспективті шабуылды тоқтату болып саналады. Мұндай жағдайларда еркін соққы мен сары қағаз берілуі тиіс. VAR дұрыс араласпады, өйткені бұл айқын гол соғу мүмкіндігі емес.
Жеңіс – Елімай
85 минут – Алаң иелері командасының бапкері техникалық аймақтан шығып, алаңға кіріп, допты әдейі тепті – бұл төрешіге ашық наразылық білдіру болды. Ойын ережелеріне сәйкес, егер команда өкілі «техникалық аймақтан әдейі шығып, төрешіге наразылық білдірсе немесе арандатушы/шақырушы әрекет жасаса», ол алаңнан қуылуы керек. Мұндай жағдайда қызыл қағаз көрсетілуі тиіс. VAR араласқан жоқ, бұл VAR хаттамасында қарастырылған төрт негізгі жағдайға жатпайды.
Тобыл – Ақтөбе
90+3-минут – Бүйір сызыққа жақын жерде алаң иелерінің №13 ойыншысы қарсылас №12-ні денесімен ашық итеріп, допқа ойнауына кедергі келтіреді. Осы шабуыл нәтижесінде алаң иелері гол соғады. VAR дұрыс араласып, төреші эпизодты қайта қарап, шабуыл фазасында жасалған фолға байланысты голды есептемей тастау жөнінде дұрыс шешім қабылдады.
Тұран – Астана
54 минут – Қонақ команданың шабуылы кезінде алаңның сол жағында екі ойыншы допқа таласып жатады, қонақтардың №28 шабуылшысы құлайды. Ойын кезінде №28 және №20 ойыншылар арасында өте жеңіл және қалыпты жанасу болады, бұл ереже бұзу емес. VAR дұрыс араласып, төреші эпизодты қарап, пенальтиді болдырмау және ойынды қақпашыға айып алаңында доп тастау арқылы қайта бастау туралы дұрыс шешім қабылдады.