Рақмет, Юра!

Рақмет, Юра!

10 қаңтар 2023, 20:02
Қазақстан ұлттық  құрамасының қорғаушысы Юрий Логвиненко футболшы ғұмырын аяқтады.

Ақтөбе футбол мектебінің түлегі Юрий Логвиненко кәсіпқой футболдағы алғашқы қадамын «Ақтөбе-Жастан» бастады. Ал негізгі құрамдағы алғашқы ойынын 2006 жылы өткізді. Сол уақыттан бері Логвиненко туған командасында 200-ден астам матч ойнап, төрт рет Қазақстан чемпионы (2007, 2008, 2009, 2013) атанды, ҚР Суперкубогын үш рет (2008, 2010, 2014) және ел кубогын бір рет (2008) жеңіп алды.

2016 жылы қорғаушы «Астана» футбол клубымен келісімшартқа отырып, бес маусымда Қазақстан чемпионатының (2016, 2017, 2018, 2019) алтын жүлдесін төрт рет иеленіп, Суперкубогында үш рет (2018, 2019, 2020) және Кубогында бір рет (2016) топ жарды.

Елордалық клубтың құрамында тәжірибелі қорғаушы УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнап, турнирдің 1/16 финалына дейін шықты. «Астана» сапында 143 ойынға қатысып, 15 гол соқты және 5 нәтижелі пас шығарды.

2021 жылы Логвиненко «Ақтөбеге» қайта оралып, туған командасына Премьер-лиганың күміс жүлдесімен қатар УЕФА Конференция лигасының жолдамасын жеңіп алуға көмектесті.

Ол Премьер-лигада жалпы саны 356 матч өткізіп, 28 гол соқты және 11 нәтижелі пастың авторы атанды. 

Логвиненко 17 және 19 жасқа дейін Қазақстан жасөспірімдер құрамасынан бастап, 2007-2008 жылдары жастар құрамасының капитаны болып, жеті ойын өткізді. Ұлттық құрамада алғашқы ойыны 2008 жылдың 23 мамырында Ресейге қарсы жолдастық кездесу болды. Сол уақыттан бері 58 матчқа қатысып, бес гол соқты. Оның үшеуі Чехия құрамасының қақпасына, қалғандары Қырғызстан мен Андорраға соғылды.

«Он бес жыл бұрын алғаш рет ұлттық құраманың жейдесін киген сәтте еліміздің бас командасында елуден астам ойын өткіземін деп ойлаған да емеспін. Қазақстан құрамасының намысын халықаралық аренада қорғау мен үшін үлкен абырой болды.

Біздің жанкүйерлерге орасан алғысымды айтқым келеді. Сіздер қолдау көрсетуден ешқашан тартынбадыңыздар. Қазақстан құрамасының барлық бапкерлеріне, бірге ойнаған достарыма алғыс білдіремін! Осы жылдарды бірге өткізгеніме қуаныштымын!

Сүйікті ісіңмен қош айтысу әрқашан өкінішті-ақ. Бұл шешімді қабылдау қиын болды. Алайда шешімді әбден ойланып қабылдадым. Жасым үлкейіп, денсаулығым да сыр бере бастады. Спорттық мансабымды жақсы аяқтап жатырмын деп санаймын. Өткен жылы Ұлттар лигасының топтық кезеңінде жеңіске жетіп, басты мақсатымызды орындадық. Қиындықтар мен жарақаттарға қарамастан сенім артқан Магомед Мұсаұлына ризашылығымды жеткізгім келеді. Сонымен қатар жетістікке жеткен біздің жігіттерге алғыс білдіремін!

Қазақстан футбол федерациясы, барша жаттықтырушылар, әкімшілік және медициналық штабқа да ортақ жұмыс үшін рақмет айтамын.

Біздің еліміздің бас құрамасына алдағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде табыс пен сәттілік тілеймін! Біздің командаға жанкүйер болып, әрқашан қолдау көрсетіп жүремін!», – деді Логвиненко.

Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құрамада жарқын ойын көрсеткен Юрий Логвиненкоға  алғыс білдіріп, мансабына толағай табыс тілейді!

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары