Қарағандыда жекеменшік мектептер арасындағы балалар мен жасөспірімдер турнирінің ашылуы салтанаты өтті
Іс-шараға ҚФФ Атқарушы комитетінің мүшесі Қайрат Айтуғанов, ҚФФ Бас хатшысы Андрей Дудин, ҚФФ бұқаралық футбол департаментінің директоры Никита Мозговой және «JKFL» директоры Александр Разинков қатысты.
Айта кетейік, ҚФФ JKFL-мен бірлесіп жекеменшік футбол мектептері мен академиялар арасында республикалық турнирді үшінші мәрте өткізіп жатыр. Облыстың үздік командалары жарты жылдан кейін жасөспірім командалары арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысу құқығына ие болады. Турнирдің алғашқы маусымына еліміздің 10 аймағынан 1500-нан астам балалар қатысса, кейінгі үшінші маусымда 18 өңірінен 300-ден аса команда, 5500 бала бақ сынады.
1 мамырда еліміздің барлық өңірінде «JKFL» турнирінің аймақтық кезеңіне қатысуға өтінім қабылдау басталады. Оған бес жас санатында 300-ден аса команда қатысады.
ҚФФ Бас хатшысы Андрей Дудин УЕФА зерттеуіне сәйкес футболмен шұғылданудың маңызын атап өтті.
«Мемлекет тарапынан қолдаудың арқасында Қазақстанның барлық өңірінде футболдан жекеменшік секциялар мен мектептер ашылып жатыр. Мыңдаған бала ұлттық құрама сапына алынып, ел намысын қорғауды, Еуропаның мықты командаларымен ойнауды армандап, жаттығып жүр. Футбол – тең мүмкіндіктер спорты. Бұл бос сөз емес. Кәсіби футбол клубтарының орталықтары балаларды қарап жүр. УЕФА зерттеуінде футболмен шұғылдану балалардың оқуына оң әсер ететіні, жүрек-қан тамырлары аурулары мен қант диабетінің даму қаупін төмендейтіні, сондай – ақ әлеуметтік бейімделу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беретіні айтылған», – деді Дудин.
Сондай-ақ ҚФФ бас хатшысы бұқаралық футболдың маңызын жоғары бағалады.
«Бұқаралық футболға инвестиция жасау қаншалықты үмітті ақтайтыны туралы сұрақ болды. УЕФА мен Substance зерттеу компаниясының қолдауымен ҚФФ жүргізген инвестицияны әлеуметтік қайтару зерттеу жұмысында әрбір салынған теңге облыс экономикасына 99 теңге болып еселеніп қайтатынын растады», – деп атап өтті Дудин.
Айта кетейік, 2021 жылы Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен жекеменшік футбол мектептері мен академияларының футбол лигасы құрылып, «JKFL» деген атау алды. Жоба еліміздің шалғай аймақтарын түгелдей қамтиды. Былтыр финалдық кезеңге еліміздің барлық өңірінен 56 футбол мектебінен 1100-ден аса бала қатысты.