Бауыржан Сағындық: «Басты мақсатымыз – команданы және әр ойыншыны дамыту»

Бауыржан Сағындық: «Басты мақсатымыз – команданы және әр ойыншыны дамыту»

15 ақпан 2025, 14:00
17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 16-21 ақпан аралығында Минскте (Беларусь) өтетін халықаралық «Даму кубогы – 2025» турнирінде бақ сынайды. Аға жаттықтырушы Бауыржан Сағындық ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында турнирге дайындық, команда құрамы және биылғы жылға жоспарын айтты.

– Бауыржан Абайұлы, «Даму кубогында» командаға қандай да бір нақты міндет қойылды ма?

– Біздің негізгі мақсатымыз – тек нәтиже үшін ойнау емес, команданы алдағы ресми жарыстарға дайындау. Бұл турнир ойын байланыстарын дамытуға, футболшыларды халықаралық деңгейде тексеруге және жақсартуды қажет ететін аспектілерді анықтауға жақсы мүмкіндік береді. Әрине, лайықты нәтиже көрсеткіміз келеді, бірақ басымдық команданы және әр ойыншыны дамытуға беріледі.

– Құрама толық жасақталды ма? Барлық ойыншылар келді ме?

– Қазіргі таңдағы ең мықты ойыншыларды жинауға тырыстық. Бекболат пен Сәтпаев «Қайраттың» негізгі құрамымен оқу-жаттығу жиынында болғандықтан, олар бұл турнирге қатыса алмайды. Өйткені біздің жарыс ФИФА-ның ресми күнтізбесіне кірмейді. Ал қалған футболшылар клубтарынан рұқсат алып, жарысқа толық дайындық жұмысын жүргізді.

– Дастан Сәтпаев U-17 құрамасы сапында ойнай ма, әлде оны жастар немесе ұлттық құрамаларға шақыруы мүмкін бе?

– Ол өте талантты футболшы. Сондықтан оның қай құрамада ойнайтынын ҚФФ ұлттық құрамалар департаменті жастар және жасөспірімдер құрамаларының бапкерлерімен ақылдаса шешеді. Оның қазіргі деңгейі мен болашақта дамуына байланысты шешім қабылданады.

– «Даму кубогына» түрлі елдерден командалар келеді. Олардың әрқайсысының өзіндік ойын мәнері бар. Біздің құраманың ойыны қандай стильге негізделеді?

– Біз заманауи футбол талаптарына сәйкес ойнауға тырысамыз. Бұл – жоғары прессинг, қорғаныстағы үйлесімділік және шабуылға жылдам ауысу. Сонымен қатар, футболшылардың жеке қабілеттерін барынша ашуға мүмкіндік беретін ойын жүйесін бейімдеуге тырысамыз.

– Биыл U-17 құрамасы басқа халықаралық турнирлерге қатыса ма?

– 2008 жылғы туған футболшылардан құралған команда наурыз айында Алматыда өтетін Еуро-2025 іріктеу кезеңінің екінші раундына қатысады. Осыдан кейін 2009 жылғы ойыншылардан жасақталған жаңа U-17 құрамасын жасақтау басталады.

 

Бөлісу
Жоғары