Әсем Қаражанова: Ұлттық құрама алдында әрдайым биік мақсаттар қойылады

Әсем Қаражанова: Ұлттық құрама алдында әрдайым биік мақсаттар қойылады

20 ақпан 2025, 18:00
Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының ойыншысы Әсем Қаражанова ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында футболға қалай келгені мен алғашқы қиындықтары туралы, еліміздегі қыздар футболының жағдайы мен Ұлттық құраманың мақсаты жайында айтып берді.

- Әсем, футболға қалай келгенің жайлы айтып берсең. Көп жағдайда қыз бала футболдан гөрі басқа спорт түрлерін таңдайды ғой. Неліктен таңдауың футболға түсті?

- Кішкентай кезімде аулада ұлдармен бірге футбол ойнай бастадым. Бастапқыда жай ойын сияқты көрінгенімен, уақыт өте келе футболға деген қызығушылығым арта түсті. Ұлдармен ойнап, олардың қарқынына бейімделуге тырыстым. Кейін жаттығуға баруға бел будым. Сол кезде мен жалғыз қыз болдым, бірақ бұл мені еш тоқтатпады. Керісінше, өзімді сынап, білгенімді жетілдіруге талпындым. Үш жыл бойы ұлдар командасында жаттықтым. Уақыт өте келе қыздар командасын тауып, сол ортаға қосылдым.

- Футболмен шұғылданып бастағанда қандай кедергілерге тап болдың? Оларды қалай еңсердіңіз?

- Ашығын айтқанда, айтарлықтай қиындықтар болған жоқ. Әрине, футбол әдетте ерлер спорты ретінде қабылданатындықтан, кейбір адамдар таңданыспен қарауы мүмкін. Бірақ ең бастысы – мені ата-анам толықтай қолдады. Олардың сенімі мен қолдауы мені жігерлендірді, сол себепті өзімді еркін сезіндім.

- Қазіргі таңда «Ақтөбе» клубында ойнайсың. Биылғы маусым өзің үшін қалай өтті?

- Биылғы маусым күткендегідей өте сәтті болды деп айта алмаймын, өйткені команда алдына өте жоғары мақсаттар қойылған еді. Біз бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге тырыстық, бірақ кейбір ойындарда сәттілік жетіспеді. Дегенмен, дебюттік маусымда күміс жүлдеге ие болу – бұл да үлкен жетістік деп санаймын. Бұл біздің дұрыс бағытта келе жатқанымыздың белгісі.

- Биыл қыздар командалары арасындағы ел чемпионаты үлкен өзгеріске ұшырады. Футболшылар бұл өзгерісті қалай қабылдады?

- Бұл маусымда футболдың өзінен гөрі, ақпараттық қолдаудың артуы ерекше байқалды. Чемпионатта алғаш рет тұрақты трансляциялар пайда болды. Сондай-ақ, әйелдер футболына қызығушылық танытатын аудитория ұлғайып келеді. Бұл біз үшін үлкен қадам, себебі жанкүйерлердің қолдауы, қызығушылығы мотивацияны арттырады.

- Көп жағдайда қыздар чемпионатында бәсекелестіктің жоқтығын сынап жатады. Биыл чемпионат спорт тұрғысынан қаншалықты қызық әрі тартысты өтті?

- Чемпионатта әлі де бәсекелестік деңгейі жоғары емес. Кейбір командалар тәжірибелі болса, кейбірі әлі де даму сатысында тұр. Бірақ келесі маусымда жаңа командалар қосылып, чемпионаттың деңгейі жоғарылайды деп сенемін. Бұл қыздар футболының даму жолында маңызды қадам болар еді.

- Сен Қазақстан әйелдер құрамасына тұрақты шақырту аласың. Негізгі құрамда ойнайсың. Биыл ұлттық құрама үшін маусым қалай болды?

- Өкінішке қарай, біз қойған мақсаттарымызға толықтай жете алмадық. Команда жақсы ойын өрнегін көрсетті, бірақ кей сәттерде тәжірибе мен тұрақтылық жетіспеді.

- 2025 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде 4 ұпай жинадық. Арменияны өз алаңымызда ұтып, сырт алаңда Болгариямен тең түстік. Команда бұдан да жақсы нәтижені көрсете алар ма еді?

- Бұл іріктеу кезеңінде біз қажетті ұпайларды жоғалтып алдық. Кейбір ойындарда өз қателіктерімізден ұпайдан айырылдық. Бірақ ең бастысы – осы тәжірибеден сабақ ала білдік. Келесі маусымда жанкүйерлерімізді жақсы нәтижелермен қуантуға бар күшімізді саламыз.

- Ұлттар лигасының жаңа маусымында Армения құрамасымен қайта бір топқа түстік. Топты қалай бағалайсың? 

- Армения құрамасы – өте жақсы ұжым, сапында лайықты ойыншылар бар. Топқа келетін болсақ, нағыз қызықты әрі тартысты матчтар күтіп тұр. Бұл біз үшін өз деңгейімізді басқа құрамалармен салыстырып, өзімізді шыңдайтын жақсы мүмкіндік.

- Ұлттар Лигасында команда алдына қандай мақсат қойылады? Қандай нәтиже біз үшін табысты саналады?

- Команда алдында әрдайым биік мақсаттар тұрады. Біз үшін ең маңыздысы – көк туымызды жоғары көтеріп, жанкүйерлерімізді қуантатын нәтижелер көрсету. Тек қатысып қана қоймай, алға жылжуды мақсат етеміз. Жеңіске деген сенімділік, әрбір матчта барымызды салу – біздің басты қағидамыз.

- Биыл Қазақстан әйелдер құрамасына жас ойыншылар көп шақыртылды. Олардың командаға үйренісуіне тәжірибелі ойыншылардың әсері қандай болды?

- Жас ойыншылардың командаға сіңісуі – өте маңызды процесс. Тәжірибелі ойыншылар әрдайым қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Олардың өздеріне деген сенімділігін арттыру үшін барымызды саламыз. Себебі болашақта құраманы осы жастар жалғастырады.

- Ұлттық құраманың көшбасшысы кім?

- Командада барлығымыздың мақсатымыз бір. Әр ойыншы өз үлесін қосады, сондықтан нақты бір көшбасшыны атап айту қиын. Біз бір команда ретінде нәтижеге жұмыс істейміз.

- Футболшы мансабыңдағы арманың қандай?

- Алдағы маусымда Ұлттық құрама және «Ақтөбе» футбол клубы сапында жақсы ойын өрнегін көрсетіп, өз деңгейімізді одан әрі көтергіміз келеді. Ұлттар лигасы мен Чемпиондар лигасында келесі кезеңге өтсек деп армандаймын. Бұл біздің дамуымыз үшін және Қазақстандағы әйелдер футболының ілгерілеуі үшін үлкен қадам болар еді.

Бөлісу
Жоғары