Қазақстан құрамасы ӘЧ-2026 іріктеу матчтарына дайындығын жалғастырып жатыр

Қазақстан құрамасы ӘЧ-2026 іріктеу матчтарына дайындығын жалғастырып жатыр

18 наурыз 2025, 14:31
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне дайындық аясында Түркияның Анталия қаласында оқу-жаттығу жиынын жалғастырып жатыр.

Құрамаға шетелдік клубтарда ойнайтын футболшылар да қосылды. Олардың қатарында – қорғаушы Нұралы Әліп, қақпашы Стас Покатилов, жартылай қорғаушы Рамазан Оразов және шабуылшы Ғалымжан Кенжебек бар. Ең маңызды оқиғалардың бірі – соңғы үш жыл бойы ұлттық құрамаға шақыртылмаған жартылай қорғаушы Георгий Жуковтың қайта оралуы. Ал шабуылшы Абат Аймбетов жақын арада командаға қосылады.

Құрамда жоспар бойынша кейбір өзгерістер орын алды. Бастапқы жоспарға сәйкес, қорғаушы Дінмұхамед Қараман өз клубына оралды, ал Дулат Талыспаеа пен Давид Есімбеков Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Қазақстан жастар құрамасына қосылды.

Өкінішке қарай, жартылай қорғаушы Бахтиер Зайнутдинов жарақатына байланысты алдағы матчтарды жіберуге мәжбүр. Медициналық тексерістен кейін жарақатынан айықтыру жұмысын жалғастыру үшін «Бешікташ» клубына оралуы туралы шешім қабылданды.

Оқу-жаттығу жиыны Анталияда 20 наурызға дейін жалғасады, содан кейін команда Кардиффке аттанып, 22 наурыз күні Уэльс құрамасына қарсы іріктеу матчын өткізеді. Жолға шықпас бұрын Қазақстан құрамасы Кюрасао ұлттық құрамасымен бақылау матчын өткізеді. Футбол федерациялары арасындағы келісім бойынша бұл кездесу жабық форматта өтеді.

Еске сала кетейік, наурыз айында Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда екі матч өткізеді. 22 наурыз күні команда «Кардифф Сити» стадионында Уэльс құрамасына қарсы ойнайды. Кездесудің басталуы – Қазақстан уақытымен 00:45.

Үш күннен кейін Қазақстан құрамасы Лихтенштейнмен кездеседі. Ойын Вадуц қаласындағы «Райнпарк» стадионында өтеді.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары