Александер Чеферин: УЕФА Қазақстан футболын дамытуға барынша көмектесіп, инвестиция салады

ҚФФ президенті Марат Омаров:
– Бүгін – ел футболы үшін ерекше күн. Қазақстанға ресми сапармен УЕФА президенті Александер Чеферин мырза келіп отыр. Бұл маңызды сапар – еліміздің халықаралық жан-жақты байланыстарының тереңдей түскенінің тағы бір нақты да жарқын көрінісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев УЕФА президентін қабылдап, отандық футболдың қазіргі жағдайы мен болашағына қатысты бірқатар түйінді мәселені талқылады.
Қазақстан футбол федерациясы тарапынан қазақ футболын дамытуға байланысты ұсыныстарымызды жеткіздік. Олар негізінен еліміздегі футбол инфрақұрылымын жетілдіру, бұқаралық футболды қолдау және балалар футболын дамыту бағыттарын қамтыды.
Қазақстан футболының әлеуеті зор. Бірлесе жұмыс істеп, халықаралық деңгейде жоғары нәтижелерге жете аламыз деп бек сенемін, – деді Омаров.
Өз кезегінде Александер Чеферин де УЕФА-ның Қазақстан футболына қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті:
– Бүгін Президент Тоқаевпен өте нәтижелі кездесу өткіздік. Оның спорт пен футболды ерекше бағалайтынын байқадым. Ойымыз бір жерден шықты: Қазақстанда футбол инфрақұрылымын дамыту қажет.
Марат Омаров мырзамен жақсы достық қарым-қатынас орнаттық. Болашақта УЕФА Қазақстан футболын дамытуға барынша көмектесіп, инвестиция салатын болады.
Біз өз мүшелеріміздің барынша табысты болғанын қалаймыз. Қазақстанда талантты футболшылар көп. Сондықтан жастарды дамытуға ерекше көңіл бөлу керек, – деді Чеферин.