ҚФФ Қызылордада футбол алаңын жаңартады
ҚФФ басшысы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесті. Кездесуде өңірдегі бұқаралық футболды дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылады.
Айта кетейік, Қызылорда қаласында заманауи стадионның құрылысы басталды. 10 мың жанкүйерге лайықталған жаңа спорт нысанының құрылысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды «Қайсар» футбол клубының директоры Садық Мұстафаев және Қызылорда облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов хабарлады.
Сондай-ақ Әділет Барменқұлов Ғани Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы мен «Локомотив» стадионының қазіргі жағдайымен де танысты. Биыл Қазақстан футбол федерациясының «ALAÑ» бағдарламасы бойынша Сыр өңірінде бір стадионның жасыл алаңын жаңарту жоспарға қойылды.
Күн соңында Әділет Барменқұлов Бірінші лиганың 5-туры аясында өткен «Қайсар-Жас» және «Оқжетпес» командалары арасындағы матчты тамашалады.