Әли Әлиев – Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы

Әли Әлиев – Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы

31 қаңтар 2025, 12:53
Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің міндетін уақытша атқарушы болып отандық маман Әли Әлиев тағайындалды.

Әли Ханалиұлы 1980 жылы 27 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Футболшы мансабында «ЦСКА-Қайрат», «Қайрат», «Ертіс», «Тобыл», «Шығыс», «Ордабасы» және «Қызылжар» клубтарында ойнады. Сондай-ақ Түркияның «Акчаабат Себатспор», «Кайсери Эрджиеспор», «Карталспор» және «Диарбакырспор» командаларында өнер көрсеткен.

1999 жылы Қазақстан жастар құрамасы сапында Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысты. Ұлттық құрама сапында алғашқы матчын 2002 жылы Эстонияға қарсы өткізді.

Бапкерлік мансабын 2014 жылы «Ордабасы» сапында ойыншы әрі бапкер ретінде бастады. 2018 жылы футболшы мансабын аяқтаған соң Петропавлдың «Қызылжар» клубының тізгінін ұстап, Премьер-лигаға шығарды.

2021 жылы Әлиев Қарағандының «Шахтер» клубында бас бапкер болып жұмыс істеп, кейін «Астана» ФК жастар командасын басқарды.

2022 жылы «Жеңіс» командасын жаттықтырып, содан кейін қайтадан «Қызылжарға» оралды. Әли Әлиевтің жетекшілігімен петропавлдық клуб УЕФА Конференция лигасы іріктеу кезеңінің үшінші айналымына дейін жетті.

Айта кетейік, Ұлттық құраманың бұрынғы ойыншылары Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов бас бапкердің көмекшісі болады.

Нұрбол Жәрдемұлы – Премьер-лигада ең көп матч өткізген футболшы және үздік сұрмергені. Ол 526 кездесуде 167 гол соққан.

2001-2014 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғап, 58 матчқа қатысты. 

2021-2023 жылдары Қазақстан жастар құрамасы бас бапкерінің көмекшісі болды.

Қазіргі уақытта Нұрбол Жұмасқалиев Қостанайдың «Тобыл» клубының бас бапкері қызметін атқарады.

Елдос Ахметов 2012-2022 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетті. 2024 жылы жастар құрамасының бас бапкерінің көмекшісі қызметін атқарып, ал сол жылдың қазан айында ұлттық құраманың бапкерлік штабына қосылды.

Бөлісу
Жоғары