Қазақстан құрамасы Түркияда оқу-жаттығу жиынын бастады

Қазақстан құрамасы Түркияда оқу-жаттығу жиынын бастады

12 наурыз 2025, 13:42
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Уэльс пен Лихтенштейнге қарсы өтетін ойындарға дайындық аясында Түркияның Белек қаласында оқу-жаттығу жиынын бастады.

Әли Әлиевтің шәкірттері 20 наурызға дейін жаттығу өткізіп, кейін Кардиффке жол тартады. Онда Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын Уэльске қарсы өткізеді.

Айта кетейік, жиын толық құрамда өтіп жатқан жоқ. Шетелдік клубтарда ойнайтын футболшылар командаға 17 наурызда қосылады.

Өкінішке қарай, Қазақстан премьер-лигасының ойындарында жарақат алған «Тобыл» қорғаушысы Роман Асранкулов пен «Астана» шабуылшысы Рамазан Кәрімов бұл жиынға қатыса алмайды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде наурыз айында сырт алаңда  екі маңызды матч өткізеді. 22 наурызда Кардифф қаласындағы «Cardiff City» стадионында Уэльспен кездеседі. Ойын Астана уақытымен 23 наурызда сағат 00:45-те басталады.

25 наурызда құрамамыз Лихтенштейнге қарсы ойнайды. Матч Вадуц қаласындағы «Rheinpark» стадионында өтеді. Бұл ойын да Астана уақытымен 00:45-те басталады.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары