Футболдан Қазақстан чемпионаты 2025 жылғы маусымда жаңа атауға ие болады

«Чемпионат атауын беру құқығын табыстау – Федерация үшін жаңа серіктес тартуға жол ашатын маңызды қадам болды. Сонымен қатар, Olimpbet демеушілік көлемін сақтап қалып, футболды дамытуға деген адалдығын тағы бір мәрте растады. Бұл ұлттық біріншіліктің қаржылық негізін нығайтып қана қоймай, оның әрі қарай өсуіне қосымша мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті ҚФФ вице-президенті Давид Лория.
Атауды беру құқығын табыстау Федерацияға серіктестер мен қосымша ресурстар тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл қаржы футбол инфрақұрылымын жақсартуға, жастар футболын дамытуға және Қазақстан Премьер-лигасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталатын болады.
«ҚФФ-ға өршіл мақсаттары бар, тың идеялары мен қазақстандық футболды дамыту жөнінде нақты көзқарасы қалыптасқан команда келді. Жаңа деңгейге шығу үшін қомақты инвестициялар мен жүйелі жұмыс қажет. Біз чемпионат атауын беру құқығын Федерацияға тапсыру туралы шешім қабылдадық, өйткені бұл ұлттық футболды дамыту үшін қосымша қаржы тартуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Olimpbet даму жөніндегі директоры Абзал Қалиев.
Чемпионат атауындағы өзгерістерге қарамастан, Olimpbet қазақстандық футболдың негізгі серіктесі болып қала береді және оны инвестициялар мен белсенді маркетингтік бастамалар арқылы қолдауды жалғастырады.
Соңғы төрт маусым ішінде ұлттық біріншілік өз позициясын айтарлықтай нығайтты. 2021-2024 жылдар аралығында Қазақстан Премьер-лигасы ойындарына көрермендер саны үш есеге артты, төрешілерге бейне көмек көрсету жүйесі (VAR) енгізілді, сондай-ақ Qazsport телеарнасының арқасында матчтардың көрсетілімі қолжетімді бола түсті.
ҚФФ мен Olimpbet арасындағы атау беру құқығын табыстау қазақстандық футболдың одан әрі дамуына, оның халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және салаға жаңа инвесторлар тартуға берік негіз қалайды.